Ұлы жеңіске -80 жыл толуына орай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р. Төлегенова "Ер есімі- ел есінде" тақырыбында үздік эссе байқауын өткізіп, нәтижесінде 11-сынып оқушысы Бөлебаева Толғанайдың шығармасын әлеуметтік желіге жариялауды ұсынды.
Ер есімі - ел есінде
«Ер басына күн туса, етігімен су кешер». Иә, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының басына қандай күн тумады десеңізші. «Ереуіл атқа ер салып», «темірқазық жастанып», «түн қатып жүріп, түрі қашқан» ерлердің арасында егенмендікке қол жеткіздік – ау, әйтеуір. Бүгінгідей Еркіндік, Елдік, Тәуелсіздік күні оңайлықпен келген жоқ. Тарих қойнауына үңілсеңіз қанды із бен тұманды күндердің куәсі боласыз.
Алайда, «Таң атпайын десе де, Күн қоймайды» дегендей, солақай саясат өшірем деп қанша жанталасса да, жарығы себезгілеп осы күннің кереметіне қол жеткіздік.
Бірақ бұл күнге жеткенге дейінгі жантүршігерлік үлкен оқиғаның бірі – соғыс еді. Аты қандай суық десеңізші. Шыны керек шығарма жазарда түрлі мәліметтерді ақтарып, интернет желісіндегі бейнелерді көрдім. «Соғыс» бес әріптен тұрса да бес миллион адамның жанын қиып, қаншама адамның тағдырын бұзғаны жаныма батты. Жоғары да айтқандай мың өліп, мың тірілді. Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ауыр күндер болды.
Москва, сенің іргеңді
Ел, ер болып сақтаймыз.
Сенен аяр жан да жоқ,
Барлығы да сен үшін.
... Қол ұстасып, үн қосып,
Қорғауға сені дайынбыз!-деп жазған Н. Байғанидің өлеңінен халқымздың қайсар да рухты болғанын байқауымызға болады. Отан үшін өз басын өлімге байлап, ажалмен алысып, дұшпанның қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасып, жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігі көкірегіме мақтаныш сезімін ұялатады.
Осынша мәліметтерді біліп, қаншама қиындықтар көз алдыма келген кезде осы кезде, осы уақытта дүниеге келіп, осындай бейбіт елінде туылғаныма қуансам, бір жағынан төрт жыл бойы отанын қорғаған батырларымыздың өмірі аянышты болып көрінді. Қысқасы «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» заманда туылып, яғни тыныш күн мен мейірімге толы заманда көктеп, өсіп келе жатқаныма қуанамын. «Таң атпайын десе де, Күн қоймайды» деген осы шығар, сол тағдырдың арқасында тәтті күндерді бастан кешірудеміз.
Б. Момышұлы «Өз халқын құрметтеп, сүймеген адам- опасыз, оңбаған адам» десе, сол сөздің текке айтылмағанын шығыстың қос жұлдызы Мәншүк пен Әлия, Талғат Бигелдинов, Нұркен Абдилов, Рақымжан Қошқарбаев және тағы да басқа аға-әпкелеріміз дәлелдеді. Ал біз оларды мақтан тұтып,ерлік істерін үлгі қылып, есімдерін жыл өткен сайын жандандыруымыз керек.
Себебін мен айтпай- ақ түсінікті. Арғы-бергі тарихымыздағы даңқты батырларымыз елімізді қияпұрыс ниеттерден қорғады. Солардың арқасында егеменді ел атанып, Алтын күн астында қалықтаған қыраны бар көк Туымызды, күллі тарихымызды бедеріне сыйғызған Елтаңбамызды бекітіп арғы-бергімізді түгендеп түйіп, Алтай мен Атырау арасын тұтастырған шекарамызды шегендеп, Сарыарқа төсіне абыройлы Елордамыздың іргесін көтеріп, еңсесін тіктедік.
Қысқасы, анамның тамаша өлеңімен қорытынды жасағым келеді.
Кетпесін қолдан енді ырзығымыз,
Туған жоқ оңайлықпен бұл күніміз.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген бабам
Әрқашан берік болсын бірлігіміз.